Казахстан Новости

ШАҒЫМЫМ БАР, ҚҰДАЙҒА!

(Ұлт болып, тірі қалу үшін жерімізді сақтау жайында поэма)

А, Құдайым!
Шағымым бар,
Тыңдасаң?
Қағыныпты заман сұры,
Аңдасаң?
Кәпірлерге жарғыздыртып атомын,
Не түседі,
Мұсылманды қандасаң?

Адам Ата мұсылман боп жаралған,
Жер бетіне ислам діні таралған.
Құрсағынан Хауа ананың шыққанда,
Бар адамзат Жетісудан нәр алған.

Білем,
Білем!
Қаһарыңды шындасаң –
Ашуыңа тимейін деп шыдасам:
Жерде құдай көбейіпті,
Не істейміз?
Құзырыңды берме ешкімге тыңдасаң?..

Жарты әлем құзырына бағынған,
Орыс, қытайың,
Ол да бізге табынған.
Иранды да билегеміз кезінде,
Тарихымыз содан кейін,
Қағынған…

Болғанында,
Алты бақан ала ауыз,
Бас салғанды,
Қалмақ деген жалмауыз.
«Елім-айлап» ауа көшкен қазақтан,
Анық еді,
Жер бетінде қалмауы із.

Бас бірігіп,
Сарқа жеңіп қалмақты,
Бұлт аударып,
Жеңілдетіп салмақты:
Әупірімдеп аман қалған Алашқа,
Көрші Ресей, салған еді, қармақты.

Үш ғасырдай ит наласын арқалап,
Көк аспанын қап-қара бұлт қалқалап.
Қайыс қамыт қажағанда мойынын,
Бұ қазақтың шері қалай тарқамақ?

Ақ пен қара соғысқанда қызығы,
Төңкерісте жеңіп шықты қызылы.
Зеңбірегі иманыңды үйіріп,
Тағдырыңның асты қанмен сызылды…

Құдайсыздар басып алып билікті,
Тағдырыңа, беу қазағым, шүйлікті.
Тірлігіңе туырлығы тілінген,
Ашаршылық зұлматы кеп килікті.

Іркіттейін қаймағынан айрылған,
Асылдарын қазағынан айырған:
Ату, асу, жер аудару Сібірге,
Осы еді,
Меселіңді қайырған.

А, Құдайым!
Қайда болдың,
Нағып соны көрмедің?
Әз ұлтыма келгеніңде –
Тар ма едің?
Шақ қалғанда,
Жер бетінен өшуге
Тасаттықтың ішінде осы,
Бар ма едің?..

Абай елін атомына шыжғырып,
Туған үшін қазақ болып,
Жазғырып.
Жеріміздің астын, үстін жарғанда,
Тағдыр жатты,
Тамұғында шыңғырып.

Соқа салып,
Тың жерімді жыртқанда,
Мал жаятын жер қалдырмай,
Құртқанда:
Қазақ жерін келімсекке толтырып,
Тағы солар –
Ресей еді,
Ұтқан да!

Бір ісіңе,
Ризамын,
О, Жаратқан!
Сөндіргенде күнін батып бар жатқан:
1986
Желтоқсанның дүмпуі –
Бар Одақты
Ыдыратып таратқан!

«Егемендік алдық па» – деп,
Қуандық,
«Уақытша – деп, – қиындықтар»,
Уандық.
Жердің асты сыймай тұрған байлықпен,
А, Құдайым!
Неге сонша,
Суалдық?!

Қымбат түсті,
Бір «адамның» саулығы,
Жабылмайтын дамбалының аулығы…
Тонап болып,
«Жерді сатам!» – дегені…
Асып кетті,
Қалмақтан да,
Жаулығы!

Жер сатқызбай,
Тұрмыз әлі,
Тіресіп.
«Сатамын!» – деп,
Билік отыр сіресіп.
Бүгін жейтін болса атау-кересі
«Жағдайы бар» не қылады,
Күресіп?

Ешкім де емес!
Тек Қазақ –
Жер Иесі!
Жер сатқанды атсын жердің киесі!
Қазақ ұлтын құртпақшы бұ кәззапқа –
А, Құдайым!
Жазаңды бер,
Опасызға
Тиесі!

Қуаныш МҰҚТАЙ
ақын, қоғам қайраткері
23.04.17 жыл

Түсініктеме:

МЕСЕЛ: Көңіл, пейіл, ниет. Меселі қайтты – көңілі қалды, тауы шағылды.
КӘЗЗАП: Оңбаған, сұрқия, жексұрын, алаяқ, ұры.

Добавить комментарий